Түркістан іргесіндегі Сауран ауданына қарасты Бірлік елді мекеніндегі «Элит медикал» клиникасына қаралушы сырқаттар үзілмейді. Дені орта жастан асқандар. Барлығының проблемасы біреу. Ол көздерінің көруінің күн санап нашарлап бара жатқандығы. Жас кезінде еленбеген сырқаттары елуден асқан соң, сыр бере бастағандар. Осыған орай, «Элит медикал» клиникасының жетекшісі, медицина ғылымының магистрі, офтальмолог Асқар Сапарұлы Ауашевпен жолығып, көз аурулары және оны асқындырып алмай, дер кезінде емдеу үдерісі туралы пікір алысқан едік.
– Асқар Сапарұлы, бұл көз аурулары емханасын қашан аштыңыздар?
– Мен Жетісайда туып өскенмін. 2004 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына түсіп, 2009 жылы Астана медициналық университетіне ауысып, 2011 жылы толық курсын бітіріп шықтым. 2011-2014 жылдары аралығында көз аурулары бойынша резидентурасын бітірдім. 2014 жылдан жұмысымызды бастадық.
– Жалпы медициналық мекемелердің мемлекеттік болғаны жақсы ма, әлде халыққа да, дәрігерге де жекеменшік мекеме болғаны тиімді ме?
– Мен он жылдай мемлекеттік мекеме ауруханаларында жұмыс істедім. Менің ойымша, мемлекеттік те, жекеменшік мекеме де жақсы. Қазір нарық заманы білесіз. Дәрігер білікті болса, өзіне жұмыс жасағаны тиімдірек. Мемлекеттік емдеу орындары да жаман емес. Өзіміздің соңымыздан еріп келе жатқан жастарға орын бердік. Халықтың бәсекелес ортада медицина мекемесін өздерінің таңдау құқығы бар.
– Жекеменшік мекеме болғандықтан жауапкершілікті мойныңа алу, барынша сапалы қызмет көрсетуге талпыну, сол арқылы қомақты қаржы табу жағынан жекеменшік мекеме қолайлы секілді.
– Дәрігер мемлекеттікте де, жекеменшік мекемеде қызмет етсе де, көз адамның маңызды әрі өте нәзік ағзасы болғандықтан, дәрігер Гиппократ антына адал болып, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Көз әрбір адамның тағдыры, өміріне қатысты маңызды мәселе. Қайда болса да, өз мамандығыңа үлкен жауапкерші-лікпен қарауға тиіссің. Ол кәсіби маман ретінде адамгершілік және имандылық тұрғысында да үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Біздің клиникаға шамамен айына 300-ге жуық сырқат көрінеді. Елу адамға жуығына ота жасаймыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша порталмен мемлекеттің есебінен де жасаймыз. Өкінішке орай, ол мүлдем аз. Бізден медициналық жәрдем сұрап келетіндер қатары көбейіп келеді. Сол жағынан мемлекеттік қолдау болса, біз сапалы қызмет көрсетуге әзірміз. Жасыратыны жоқ, бүкіл Қазақстан бойынша көзге ота жасайтын ең арзан клиника осы жер деп еркін айта аламын. Өйткені, қымбат етіп қойсаңыз, елдің бәрінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, бірнеше факторларды ескере отырып, Қазақстан бойынша ең төменгі бағаны қойдық.
– «Қазақта арзанның суы татымайды» деп жатады. «Қызмет көрсету сапасының төмен болуына байланысты осындай баға қойып отыр» деп ойлайтындары да аз емес шығар.
– Халық өздері біледі. Заманауи ең соңғы үлгідегі неміс технологиясымен жұмыс жасап жатырмыз. Көздің көруін реттеу (коррекция), қалпына келтіру лазермен жасалады. Ол аппаратымыз катаракта, глаукома, қоян қыли секілді сырқат түрлерін ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жасап жатырмыз. Бастапқыда бағаны көтеріп те көргенбіз. Оны халықтың қалтасы көтере алмады.
– Сіздерге келіп жатқан сырқаттардың дені егде жастағы адамдар екен. Осы көз ауруларының алдын алу үшін жас кезімізден бастап қандай шаралар жасауымыз қажет?
– Ол үшін БАҚ халықтың арасында салауатты өмір салтын жиі насихаттап және денсаулық мәселесі туралы көп айтуы тиіс. Екіншіден, скринингтік бағдарламаларды тұрғылықты жерлері бойынша емханаларда жиі пайдаланып, егде жастағы адамдар кемі жылына бір рет көзін тексертіп отыруы керек. Ол арқылы скринингтік бағдарлама бойынша көз сырқатын дер кезінде анықтап, ерте ота жасауға болады. Кейбір кісілер бар. «Бір басқа бір көз жетеді» деген оймен ешкімге қаралмайды. Соның салдарынан сырқатты өткізіп алады. Осыдан төрт жыл бұрын Түркістанға келгенімізде көз ауруы асқынып кеткендер мен ота жасауды қажет еткендері өте көп болды. Қазір төрт жыл ішінде реттеліп қалды. Катаракталарымыз жасарып келеді. Қазір он адамның бір-екеуі ғана көз ауруын өткізіп, асқындырып алғандар болып отыр. Қалғандары уақытылы келіп жатыр.
– Сіздердің осы көз емханасы туралы ақпараттарды әлеуметтік желі арқылы жарнамалап отырасыздар ма? Елдер қалай біліп келіп жатыр?
– Мұныңыз өте орынды сұрақ. Бастапқы ашылған кезімізде жарнама жасадық. Интернетте арнайы парақшамыз бар. Сырқат іздеп Интернетке шықса, «Элит медикал» клиникасы деп іздесе, бірден тауып алу мүмкіндігі бар. Түркістан облыс орталығы болып, қарыштап дамып, өсіп келе жатқан қала. Сондықтан мұнда «сарафанды радио», «живая реклама» дейді, жергілікті тұрғындар ауыздан-ауызға жиын, ойын-тойларда бір-бірімен ақпарат алмасады. Сол емделген кісілердің нұсқауымен келетіндер қатары да жиіледі. Біз осы өзіміздің клиникамызда жасалған отаның нәтижесі төмен болса, қанша жарнама жасасаңыз да, адамдар қай жер жақсы сол жерге барады. Шипа іздеп келген науқастарға қолымыздан келгенше көмегімізді жасаймыз.
– Түркістандықтарға және өздеріңіздің қызметтеріңізді тұтынушыларға қандай ақыл кеңестер бересіз?
– Қазір жасыратыны жоқ, жасөспірімдердің арасында цифровизацияға байланысты компьютерлердің, планшеттердің, ұялы телефондардың, смартфондардың қатты дамуы – оны шексіз пайдаланушылардың көздерінің нашарлауына септігін тигізуде. Мұны қазір ғалымдар «телефонға тәуелділік» деген диагноз қойып отыр. Телефонға тәуелді балалар соған шұқшиып, алдына қойылған тамағында ішпеу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл психологиялық тұрғыдан телефонға аса қатты берілушілік болып табылады. Адам ақпараттың тоқсан пайызын көзі арқылы қабылдайтын болғандықтан смартфондарды шексіз пайдалану, көздің нашарлауына алып келетін жаман әдеттердің бірі. Көзге кері әсері көп. Көздің гигиенасын сақтауымыз керек.
Адам компьютердің алдында бір сағат отырса, бір сағат электронды байланыс құралдарынан көзді демалдыруы қажет. Қазір мектептерде интерактивті тақталар бар. Компьютерлік сыныптар жеткілікті. Осылардың жұмысын жүйелі пайдалануымыз керек. Оқу орындарында көздің гигиенасын сақтайтын режимді, кестені тағайындауымыз керек. Сол кезде көздің көру қабілетін қалпына келтіріп, балаларымыздың психикалық ауытқушылығының алдын ала аламыз. Соған байланысты жасөспірімдер көздерін жылына екі рет тексертіп отырулары, қырық жастан асқан кісілер жылына бір рет скринингтен өтіп тұруы керек. Олар көздерінің қысымын өлшетіп, көздің көру жітілігін тексертіп отыруы тиіс. Қазақта айтады ғой: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді, бұл дұрыс қағида. Көздің гигиенасын тұрақты сақтап жүруіміз керек. Сонда көзіміздің көру мерзімін барынша ұзарта аламыз.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет.
Л.САРЫБАЕВА.