Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының екінші аптасы «Киелі мекен» деп аталады. Ауданымызда осы апталықтың бастамасы аймағымыздың айнасы саналатын Қазығұрт асуында орналасқан «Кеме қалған» монументінің маңын қоқыстан тазарту, бояп әрлеу, шөптерін қырқу және абаттандыру жұмыстарынан басталды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экологиялық акцияға қазығұрттық жастар, еріктілер және кейбір туристер белсене қатысып, киелі мекенімізді гүлдендіруге үлестерін қосты.
Айта кетейік, Қазығұрт тауының жанында, теңіз деңгейінен 910 метр биіктікте орналасқан «Кеме қалған» монументі облыс орталығы Түркістан қаласынан 207 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті аңыз бойынша, екі мың жыл бұрын Нух (Нұх) пайғамбар Қазығұрт тауына қонғандықтан адамдар бұл жерді «Кеме-қалған» деп атайды. Заманауи шеберлер жасаған кеменің көлемі киелі кітаптардағы суреттемеге сәйкес жасалған. Ұзындығы 150 м, кеңдігі 25 м, биіктігі 15 м. Ал, мемориалдық кешеннің құрылыс аумағы 1800 шаршы метр, 4 арнайы құрылған демалыс алаңшаларының жалпы құрылыс аумағы 214 шаршы метр, биікке қарай өрлейтін ұзындығы 1 шақырымға жуық баспалдақтың құрылыс аумағы 553 шаршы метр, келушілерге арналып арнайы салынған автотұрақтың құрылыс аумағы 6557 шаршы метр, монументтің жалпы биіктігі 27 метрді құрайды.
Бүгінде Қарт Қазығұрттың аңызынан сыр шертетін монумент ауданымызға келген әрбір қонақ пен туристердің естелік суретке түсетін сүйікті орынына айналып үлгерген.
© Jetpisbai.kz