Түлкібас ауданында «Таза Қазақстан» акциясына ауылдың қалталы азаматтары да еркше үлес қосуда, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұлай дейтініміз аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен ауданға қарасты Балықты ауылының жанашырлары 6 млн. теңгеге жуық қаржыға 355 түп «Еуропалық қайын» мен «Слива Писсарди» сәнді ағаштар көшетін арнайы көшет баптайтын орындардан сатып алып, ауыл орталығындағы белгіленген орындарға отырғызды.
Бұл жерде ауданымызда өсіп өнуге қолайлы ағаштың 199 түбі «Еуропалық қайын» болса, 156 данасы ерекше көрікті «Слива Писсарди» көшетінің екпесі.
Алдағы уақытта көшет егілген аумаққа қосымша газон мен гүл егіліп, арнайы жабдықталған су жүйесі арқылы суғарылып тұратын болады.
Айта кетерлік, жалпы аудан аумағында еліміздегі тазалық, көгалдандыру науқаны басталғалы бері 5 мыңнан астам көшет ауыл тұрғындары мен демеушілер есебінен егіліп отыр.
© Jetpisbai.kz