Отырар ауданында жастар киелі орындарда сенбілік жұмыстарын өткізіп, туристік аймақтарды күл-қоқыстардан тазартты, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында өткен шараға 150-ге жуық жастар мен еріктілер қатысты. Шара барысында «Арыстанбаб» кесенесінің аумағы мен «Отырартөбе» қалажұртының маңы, сондай-ақ, ұлы ойшыл, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің туған жері «Оқсызтөбе» аумағы мен күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов музейінің ауласын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Киелі Отырар – Орталық Азиядағы ең ежелгі шаһарлардың бірі. Оның екі мың жылға жуық тарихы бар. Қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар жеріне жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Көне тарихымыздан сыр шертетін осынау бай мұраларымызды насихаттай отырып, ішкі туризмді дамыту алға қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Жалпы аталған аймақта киелі нысандар мен табиғатты тамашалауға келген шетелдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып отырады.
© Jetpisbai.kz