Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТТІКТЕР СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ 70 ТОННАДАН АСТАМ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖИНАДЫ

ШЫМКЕНТТІКТЕР СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ 70 ТОННАДАН АСТАМ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖИНАДЫ

Шымкентте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Қала тұрғындары табиғи апатқа бей-жай қарамай, халыққа көмек қолын созуда. Қала аумағында гуманитарлық көмек бірнеше орынға жиналады. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында қабылдау пункті жұмысын бастаған болатын. Ақтөбе облысының Ойыл ауданына гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді.

Арнайы көліктер зардап шеккендерге азық-түлік, төсек-орын, киім-кешек сияқты бірінші қажеттіліктерден құралған 10 тонна жүк жеткізген. Екінші пункт қалалық Қазақстан халқы ассамблеясында ашылды. Ассамблея өкілдері 20 тоннаға жуық гуманитарлық жүктің алғашқы партиясын Атырау облысына жөнелтті. Бүгін Ассамблея мүшелері Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмектің екінші партиясын жіберді. Сондай-ақ, шымкенттіктер су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ашылған арнайы банк шотына қаржы аударады. Гуманитарлық көмекті жинау белсенді түрде жалғасуда.

Айта кетейік, 6 сәуір күні Шымкент қалалық ҚХА белсенділері алғашқы лекпен құны 10 млн. теңгеден асатын 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті Атырау облысына жіберген болатын. Еске салсақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласында гуманитарлық көмекті қабылдаудың 2 орталығы жұмыс істеуде: Біріншісі, ҚХА Достық үйі базасында, Желтоқсан 9/4; Екіншісі, «Арай» ЖШС аумағында, Тассай ықшам ауданы, 226, 353 квартал. Шымкент қаласының әрбір қамқор тұрғыны азық-түлік, бірінші қажеттілік, киім-кешек және т.б. заттарды алып келіп, өткізе алады. Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдау көрсету және оларға көмек көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтары құрылған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*