Бүгін жұмыс барысымен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай, Қаратау аудандарын аралады.
Қала әкімі Бәйдібек би даңғылын кеңейту, жаңа тротуарлар төсеу, асфальттеу жұмыстарын бақылап, жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігерге учаске аумағынан жаңбыр, қар суын уақтылы бұру үшін дренаж жүйесіне назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, құрылысы жүріп жатқан жол жиегіне көгалдарды төсеу, гүлдер отырғызу, суару жүйесін жүргізу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ қала әкімі ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің ғимаратына барды. Ведомствоны материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарымен танысты.
Одан әрі әкім бүгінгі жұмыс барысы бойынша кезекті айналма жолды қайта құрудың жетінші, сегізінші кезеңдерінің жөндеу жұмыстарын бақылады.
А-2 автомобиль жолын, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қонаев даңғылындағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Мердігер мекеме басшылығына жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтау бойынша бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, қала әкімі сонымен қатар Спорт шағын ауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін жергілікті халық бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Ескере кететіні, бүгінде тар табанды темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді.Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар өндірілмейді.
Ал, Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша Еңбекші ауданында тағы бір саябақ салынады. Серуендеу аймағы Жібек жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысында бой көтереді. Қаладағы Желтоқсан көшесіндегі гүлзардың құрылыс жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізілуде. Сондай -ақ, қала әкімі қалад салынып жатқан саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.