«Айбын» орденінің иегері Шымкенттік полицей Нұржан Омаров қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады!
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы Нұржан Омаров ІІ-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері.
Еске салсақ, Нұржан Омаровтың көзсіз батырлық оқиғасы 2018 жылдың 17 қазанында тапа-тал түсте қала орталығындағы автотұрақта орын алған болатын. Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатқан қос полицей автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің тарапынан қарсылыққа тап болады. Жас екі күдікті тәртіп сақшылары құжаттарын көрсеткенін де көзге ілмеген. Өздерін таныстырудан бас тартып, көлікке жүр дегенде екеуі екі жаққа қаша жөнелген. Екінші күдіктіні қуып кеткен Нұржан Омаровтың әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қашып бара жатқан жігітті қуып жеткенімен қоймай, бірнеше жерінен пышақ сұғып жатса да қашқынды тырп еткізбей ұстаған полицейді батырға балауға болады. Осыдан кейін көп қан жоғалтып, бір жарым сағат отадан өткен тәртіп сақшысы есін жияды. Дәл осы ерлік еңбегі үшін учаскелік полиция инспекторына ІІ-дәрежелі «Айбын» ордені табысталған болатын.
Елге қызмет етуге ант берген тәртіп сақшысы өзінің мерекелік құттықтауын жеткізді.
«Тұтас түркі халықтарының ортақ мейрамын халқымыз ежелден тойлап келеді. Наурыз Қазақстандағы бүкіл ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мерекесі. Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!» — деді Нұржан Омаров.