Наурыз мерекесі қарсаңында полицейлер жалғыз басты қарияға көмектесті. Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері 1937 жылы туылған қарт анаға көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары 84 жастағы қарияның ауласын тазалап, қураған ағаштарды ретке келтіріп, үй шаруасына көмек берді. Жалғызбасты зейнеткердің ауласын қардан тазартып, ауладағы ретсіз ағаш бұтақтарын қырықты. Оперштейн көшесінің тұрғыны Сталина Чистякова қол ұшын созған полицейлерге алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
«Мен секілді жалғыз басты қарияларды естен шығармай көмек берген полицейлерге алғыс айтамын. Жасым егде тартып қалғандықтан аула ішіндегі ауыр тірліктерді өз күшіммен жасай алмаймын. Осыдан бірнеше уақыт бұрын да осылай тәртіп сақшылары көмек берген болатын. Сіздерге шексіз алғысымды білдіремін» — деді Сталина Константиновна.
«Мереке ең алдымен тазалықтан басталған. Ұлттық мерекеде көшеттер отырғызып, аулалар тазаланады. Осы дәстүрді жалғап Наурыз мерекесі қарсаңында ұжым қызметкерлерімен бірге осындай жалғыз басты қарияларға көмек көрсетуді ойға алған болатынбыз. Бүгін сәті түсіп, жалғыз басты зейнеткерге көмек бердік»- деді Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері.
Осылайша жалғыз тұратын қарт полиция қызметкерлеріне өзінің алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.