Қадірлі түлкібастықтар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқын алды. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, оның ішінде жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту. «Табиғаттың оны айтар тілі жоқ» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады.
Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, ауданымызды таза ұстауымыз керек.
Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз! Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін!
Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.
Бүгінгі таңда ауданымызда экоакция аясында 355 көше бойы, 113 шақырымнан астам аяқ жол, 27 саябақ пен демалыс орындары, 19 балалар ойын алаңшасы, 12 тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы күл-қоқыстан тазаланып, реттелді. Аялдамалар мен ауыл атауы жазылған тақтайшалар сырланып, жаңартылуда.
Аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 29 мыңға жуық түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, 200 шақырымнан астам арық-атыздар тазаланды.
Құрметті жерлестер!
Қаратау мен Алатаудың қауышқан тұсында орын тепкен ауданымыздың табиғаты ерекше. Бұл жерде әр бір тал, өзен-көлдері мен тау, тасы ортақ байлығымыз. Осы байлығымызға жанашырлықпен қарайық!
Көшесінің тазалығына қарап, азаматын, халқын танисың. Ендеше, барша Түлкібас ауданының тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын!
Бірлік пен еңбектің арқасында Түлкібасымызды жасыл аймаққа айналдырайық!
© Құрметпен,
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов