Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЖЕЛАЯҚТАР

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЖЕЛАЯҚТАР

Адам жаны қашанда мейірімділік пен саулықты қалайтыны ақиқат. “Бірінші байлық – денсаулық” деген аталы сөз де оның маңыздылығын көрсетеді. Сол себепті елге жаңа ауруханалар салу мен заманауи медициналық технология әкелуге баса көңіл бөлініп отыр. Ал денсаулық сыр бермей, көңіл қош болсын десек, салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет.
Осы орайда, бүгін таңертемен спорт сүйер көпшілік қаламыздың мақтанышы “Дендросаябаққа” жиналды. Онда Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай жаппай жүгіру өтті.
Іс-шараға әуесқой, белсенді қала тұрғындары, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, этномәдени бірлестік мүшелері мен қатар ассамблея жастары қатысты.
Ұйымдастырушылар жарыстың мақсаты – қаламыздағы барлық этностарды, қала тұрғындарын бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының төңірегіне топтастыру екенін атап өтті.
-Біздің күшіміз — бірлікте! Қашанда татулық пен ынтымақты ту еткен еліміз үшін өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста болып, біртұтастықта өмір сүру маңызды. Еліміздегі болып жатқан өткінші қиыншылықты да бірге еңсереміз. Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын, көмегін аямаған этномәдени бірлестіктердің мүшелеріне барша халық атынан алғыс айтамын. Бүгінгі жаппай жүгіру күнделікті әдетке айналуы керек. Қала халқын дене шынықтырумен айналысуға шақырамын, — деді өз сөзінде Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев.
Жүгірушілер 5 шақырым қашықтықты оңай әрі жеңіл еңсеріп келді. Көбі 15-20 минутта мәреге жетті. Алғашқы болып, әрине, 2-ші спорт мектебінің жаттықтырушысы Азизхан Камилжанов жетті.
Шара соңында қатысушылардың барлығына тиісті сертификаттар табысталды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*