Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » СЕССИЯ: ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ АРТТЫРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМІ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

СЕССИЯ: ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ АРТТЫРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМІ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Күн тәртібіне Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемін 1 329 120 теңгеден (360 АЕК) 2 000 000 теңгеге (542 АЕК) дейін арттыру мәселесі шығарылды. Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы оларға 41 400 теңге (12 АЕК) төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге (15 АЕК) ұлғайтылды. Қалада 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады. Сонымен қатар, 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына тиесілі біржолғы әлеуметтік төлем өседі. Биыл олар 239 980 теңге (65 АЕК) алады. Сондай-ақ 29 тамыз Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күнге байланысты ядролық сынақтар салдарынан мүгедек болып қалған және ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға 45 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұрын бұл төлемнің мөлшері 36 АЕК болатын. Сонымен қатар, биылдан бастап қозғалу қиындығы бар I топтағы мүгедектердің жеке көмекшілерінің санаториялық-курорттық емделуіне 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл қаражат жеке көмекшінің санаториялық-курорттық ұйымда болу құнын өтеу үшін жылына бір рет төленеді. Ал пробация қызметінің есебінде тұрғандарға 36 920 теңге (10 АЕК) аударылады.
Сондай-ақ 2024 – 2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау барысында жалға берілетін пәтерлер сатып алуға, кәсіпкерлік мақсатта берілген несиелерді субсидиялауға, мектептерге байланыс жүйесін тартып, жол салуға, 4 елдімекенді газдандыруға қаржы қарастыру ұсынылды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халық тұрмысын жақсартуға бағытталып отырған маңызды шешімдерге қолдау білдірген мәслихат депутаттарына алғыс білдіріп, алдағы уақытта да мегаполисті дамытуда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*