Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Жиынға комиссия мүшелері және тиісті бөлім басшылары қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша мәселе қаралды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Комиссияның күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары Оразалы Қаржаубаев баяндама жасады. Жастар тәрбиесіне ұстаз да, ата-ана да, қариялар да үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан жасөспірімдердің бойына салт-дәстүрімізді сіңіріп, ата-бабамыздан қалған жақсы үлгілерімізді үйретуден жалықпауымыз керек. Себебі, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты әлі де болса ойланатын жағдай жеткілікті.
“Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын” дегендей балаларға жылы лебіз, мейірім, білім мен тәрбиені аямай сіңдіру біздің басты міндетіміз. Баланы өмірге тәрбиелеуде, бейімдеуде ата-ана, мектеп, мұғалім бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімдік табады. Жиын барысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жиналысқа қатысушылар тарапынан көптеген ой-пікірлер ортаға салынып, талқыға түсті. Алдағы уақытта бұл бағытта тұрақты түрде бірлесе жұмыс жүргізу керектігіне тоқталды.