Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішев Созақ ауданының кәсіпкерлерімен кездесті.
Алқалы жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Орынбасар Кабиштаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Превенция басқарма басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Аудан кәсіпкерлерінің өзекті мәселесі талқыланған басқосуда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданда кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыу бойынша атқарылған шаралар мен алдағы жоспарға кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасы Созақ аудандық филиалының директоры Арман Анарбаев 2023 жылы атқарылған жұмыс барысы туралы баяндама жасады. Шараның негізгі бөлігінде сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, кәсіпкерлердің көкейіндегі сұрақтарға сала мамандары жауап берді.
«Кәсіпкерлер палатасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай бизнес пен биліктің арасында алтын көпірге айналуы керек. Тиісінше, қордаланған мәселелердің оңтайлы жолын қарастыру маңызды. Сондықтан, сырлы Созақ өңіріндегі кәсіпкерлік саласының даму динамикасын саралауға арнайы келіп отырмыз. Кәсіпкерлердің мәселесі назардан тыс қалмай жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп шешілуі тиіс», — деді Нұралы Әлмаханұлы.
Өңірлік кеңес төрағасы жұмыс сапарында 2016 жылдан бері жұмыс істейтін «Сырлы Созақ» ЖШС мен «Созақ-балық өнімдері» АШӨК «Гидропоника және балықтың құрама жемін өндіру» зауытының жобаларымен танысты. Гидропоника және балықтың құрама жемін шығарылатын өндіріс орнының аумағы 1 га аумақты құрайды. Жобаның жалпы құны 1,5 млрд. теңге. Кәсіпорын ағымдағы жылдың желтоқсан айында іске қосылып, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.