Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » КЕНТАУДАҒЫ БІЛІМ ОРДАСЫНАН КАДЕТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

КЕНТАУДАҒЫ БІЛІМ ОРДАСЫНАН КАДЕТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Бейбіт елімізде қызмет бабында ерлік көрсетіп, қайсарлықтың үлгісін танытып жүрген тәртіп сақшылары аз емес. Десе де солардың кейбірі қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тауып жатқаны да бар. Кентау қаласында осыдан қырық жыл бұрын қызмет бабында оққа ұшып, мерт болған Рысбай Құдайбергенұлын бүгінде кентаулықтар соның ішінде тәртіп сақшылары ұмытқан емес.
Осындай ерлікті ұлықтап, жас ұрпаққа насихат ету мақсатында Кентау қаласында Ә.Молдағұлова атындағы №19 мектеп-лицейінде қызмет бабында қайтыс болған Рысбай Құдайбергенұлының атына кадет сыныбы ашылды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Оның алғашқы 32 мүшесі өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға, Қазақстан жастары үшін нағыз ерліктің шынайы үлгісі болуға ант берді. Алдағы уақытта аталған сыныпқа Түркістан облыстық полиция департаменті бекіткен кестеге сәйкес, полицейлер оқушылармен тәжірибесін бөлісіп, қызығушылық танытқан жас жеткіншектерді полиция қызметіне баулымақ.
Сонымен бірге, оқушыларға қатысты бүгінгі күндегі өзекті мәселелер кадет сыныбында талқыға түсіп, оның алдын алу шаралары да пысықталатын болады.
Сыныптың ашылу рәсіміне Түркістан облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы М.Асқаров, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Тулепов, қалалық полиция басшысы С.Үсіпбеков, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Танкибаев пен Рысбай Құдайбергенұлының жұбайы Дариға анамыз қатысты. Аталмыш шарада бейбіт өмір жолында қылмыскерлер қолынан қаза болған полицей Рысбай Құдайбергенұлының өмір жолы, ерлігі, қызмет атқарған жылдары туралы деректер айтылды. Өз кезегінде жұлдызы ерте сөнген полицейдің ошағын сөндірмей отырған Дариға анамыз, асыл жарын ұмытпай үнемі жастарға дәріптеп, үлгі етіп отырған әріптестеріне алғысын білдірді.
Айта кетейік Рысбай Құдайбергенұлы “Совет милициясының үздігі”, “Қылмысты іздестіру қызметінің таңдаулы инспекторы” төсбелгілерін кеудесіне таққан. Ол 1984 жылдың 9 шілдесінде сағат 23:00 шамасында “пәтерде төбелес болып жатыр” деген шақыру бойынша оқиға орнына шығып, осы операция барысында аса қауіпті қылмыскерлер қолынан оққа ұшып, қаза болған.
Қазіргі таңда Кентау қаласында ержүрек полицейдің атына кадет сыныбынан бөлек бір көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*