Өткен жылдың тиісті кезеңінде Түлкібас ауданы бойынша барлық қылмыстар 49 болса, биылғы жылдың тиісті кезеңінде бұл көрсеткіш профилактикалық рейдтік жұмыстардың нәтижесінде 4-ке кіміп, 45 қылмыстық істі құрап отыр.
Оның ішінде ұрлықтар 4-ке кеміген. Өткен жылы тиісті кезеңінде 17 ұрлық қылмысы тіркелсе, биыл 13 қылмыс тіркеліп отыр. Өкінішке орай, тиісінше интернет алаяқтық бойынша қылмыс саны өсіп отыр.
Бұл жайында бүгінгі аудан әкімдігінің құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствааралық комиссия отырысында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев баяндады, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Отырыстың күн тәртібінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы қылмыс деңгейі және 2024 жылы атқарылып жатқан жұмыстар, жеке азаматтарға жасалған қылмыстар, алаяқтық, аса ауыр қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары қаралды.
Жиынды қорытындылаған комиссия төрағасы Нұржан Ізтілеуов бірнеше қылмыс түрлерінің өсуіне байланысты аудандық полиция бөліміне тиісті мекемелермен бірлесіп профилактика және рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды. Нақты айтсақ, бүгінде белең алып отырған интернет алаяқтық қылмыстарын болдырмау.
Сонымен қатар, аудан әкімі ауыл-аймақтардың тазалық мәселесіне ерекше тоқталды. Яғни, учаскелік полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аймақта ауыл әкімдерімен бірге ретсіз тасталған күл-қоқысты жою мақсатында барынша жұмысты жандандырып, тәртіпке көнбейтіндерге айыппұл салу керектігін ескертті.
Сондай-ақ, ішкі саясат бөліміне жастар арасындағы қоғамдық маңызды мәселелерді алдын алу мақсатында профилактикалық шараларын барынша жандандыруды тапсырды.
Басқосу әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысымен жалғасты.
Бұл жерде күн тәртібінде кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру барысы мен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының Жаскешу ауылдық округінде орындалу барысы қаралды.