Кешегі аптада Шардара аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті. Комиссия мүшелері мен аудандық ішкі саясат, білім бөлімі, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Б.Шомпиев ашып, жүргізіп отырды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жиында Ұзын ата ауылдық округі әкімі аппаратының кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда атқарған жұмыстары туралы, бала еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алуда аудандық білім бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювенальды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны М.Дүйсеновтің өзіне жүктелген міндеттері туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Ұзын ата ауылының әкімі Ғ.Есімханов хабарлама жасады. Хабарламашы өз сөзінде ауылдық округтегі 18 жасқа дейінгі 1672 жасөспірімнің бақылауда екендігін жеткізді. Сонымен бірге жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, зиянды әдеттерден аулақ болуын қадағалау, діни экстремизмнің алдын алу, патриоттық рухта тәрбиелеу барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Әбілдаев хабарлама жасады. Хабарламашының айтуынша аудан көлемінде бала еңбегін заңсыз пайдаланудың барлық тетігі қарастырылған. Аталған мәселе төңірегінде аудандағы барлық білім беру мекемелерімен ынтымақтаса жұмыс жасауда екен.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша хабарлама жасаған М.Дүйсенов кәмелетке толмағандар арасында орын алған бірқатар құқықбұзушылықтарға тоқталды. Түнгі рейдтер барысында 87 құқықбұзушылық анықталып, олардың ата-аналарына хаттама толтырылған. Мұнан бөлек орталық саябақта кәмелетке толмаған 3 оқушы пісте шағып, қоғамдық орынды ластағаны анықталған. Бес оқушы электрлі мопед айдап (кәмелет жасына толмағандарға айдауға тыйым салынған), ұсталған. Тыйым салынған жерлерде шомылуға барған 12 жасөспірім анықталған. Бұлардың барлығының ата-анасына хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
Комиссия мүшелері аталған мәселелерді саралай келе жауапты тұлғаларды бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауға шақырды.