Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі аудандық ведомствоаралық штаб мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімі аппаратының басшысы Жорабек Жолдасбеков төрағалық етіп, күн тәртібімен таныстырды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ермек Ғани Бақытұлы аудан аумағында есірткі заттарын алып кіру жолдарын анықтау және жолын кесу, «Көкнәр», «Допинг» арнайы операцияларының І тоқсан қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
Есірткі қылмысына қарсы күрес Ішкі істер органдарының басты бағыттарының бірі болып табылатынын айтқан Ғани Бақытұлы қоғамның дұрыс бағытта өсуіне кері әсерін тигізетін өзекті мәселелердің бірі — есірткіге қарсы аудан халқын бір жұдырықтай жұмылып күресуге шақырды. Сондай-ақ, бүгінде аудан аумағында есірткі қылмысына қарсы күресте жұмыс атқарумен қатар, нашақорлықтың алдын алуға, қазіргі таңда кеңінен таралып жатқан синтетикалық есірткіге байланысты қылмыстарды болдырмауға бағытталған «Дәрмек», «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шаралары 2024-ші жылдың бірінші тоқсанында өткізілді.
Мәжіліс барысында нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу бойынша өткізілген спорттық іс-шаралар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін негізде спорттық және шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз ету, жол бойларына билборд, баннерлер іліп, ескілерін жаңартып отыру ісіне атқарылған жұмыстармен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсілбек Әуесбек Жақсыбекұлы баяндама жасады.
Аудан аумағында 206 спорт ғимараты жұмыс істейді. Балаларды спортқа баулуға арналған 46 үйірмедегі 4388 оқушыға 129 кәсіби жаттықтырушы-мамандар жаттығу өткізеді. «Төлеби спорт клубында» Салауаты өмір салтын насихаттау мақсатында “Біз нашақорлықа қарсымыз” атты челендж түсіріліп, Төлеби ауданының барлық мекемелеріне жолданды. Бұған қоса, «Спорт нашақорлыққа қарсы» бірнеше рет спорттық сайыстар өткізілді. «Синтетикалық есірткімен күресті күшейту» бойынша Ленгір қаласы, Қапал Батыр көшесі бойына және Қаратөбе, Жоғарғы Ақсу ауылдық округтеріне «Нарко шектеу Түркістан» атты тақырыбында 10 баннер ілінді.
Жиынды қорытындылаған аппарат басшысы Жорабек Сазанбекұлы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде нашаны тұтынудың ғана емес, есірткі заттарын тасымалдап, сатып, сақтаудың да соңы жауаптылыққа соқтыратынын үнемі түсіндіріп, ескертіп отыру маңыздылығын айтты.