Сарыағаш ауданы ювеналды полиция тобының инспекторлары жас буынмен маңызы зор, танымдық іс-шаралар өткізді, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Полицейлер алғашқы кездесуді №38 М.Мақатаев жалпы орта мектебінде ұйымдастырды. Жиында мектеп оқушылары арасында қылмыстың өсуіне жол бермеу, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, оған қоса кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың жол бермеу және құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру мәселелері көтерілді. Оқушыларға профилактикалық әңгімелер айтылып, ашық сұқбат өрбіді.
Одан әрі полицейлер №1 М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия оқушыларының жолдан өтуі мен жүргізушілердің жол ережесін сақтауын қамтамасыз етті. Білім ордасының алдында кезекшілікке тұрып, жаяу жүргіншілер өтпелерінен оқушыларды өткізу жұмыстары атқарылды.
Сондай-ақ №4 Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларына, полиция бөлімі бастығының рұқсатымен уақытша ұстау абақтысы мен әкімшілік арнайы-қабылдау орны таныстырылды. Экскурсияда ювеналды полиция инспекторлары оқушыларға заң қызметкерлерінің қауіпті де жауапкершілігі көп қызметі мен жасөспірімдердің қандай жағдайда, қанша жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы кеңінен баяндап, қонақтарды қызықтырған сұрақтар бойынша жауап берді.
Экскурсия соңында оқушылар полицейлерге мезгілмен санаспайтын жұмыстарынан уақыт тауып, ерекше көңіл-күй сыйлағаны үшін ризашылығын жеткізді.