Мемлекет басшысы тапсырмасымен Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілуде. Аталған тапсырмаға сәйкес полиция да өз үлесін қосып, профилактикалық іс-шараларды атқаруда, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифинг кезінде Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бегімхан Ахметов кеңінен айтып өтті.
«Сәуір айының 8-нен бастап әр 7 күн ішінде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атты сенбіліктер Полиция департаменті мен қала, аудандағы полиция ғимараттарында, ал тұрғындарды тазалыққа шақыру мақсатында «Тазалық» іс-шарасы облыс аумағында өткізілуде.
Полиция «Тазалық» шарасының 11 тәулігінде жалпы 3 164 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Яғни ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған және белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін — 1 272, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзған және жасыл екпелерді бүлдірген — 823 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды,» — деді полиция подполковнигі Бегімхан Төреханұлы.
Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары!
Қоршаған ортаны таза ұстап, аялау баршамыздың азаматтық борышымыз. Ол үшін санитарлық тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының және жұмыс орнының маңынан бастауы керек. Баршаңызды тазалықты сақтап, аумағымыздың абаттануына үлес қосуға шақырамыз!
Бірлесе отырып көшеге қоқыс тастамау мәдениетін қалыптастырайық, құқық бұзушылықтарға жол бермейік.