Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Дін тәрбиенің рухани тірегі

Дін тәрбиенің рухани тірегі

 Дүние жүзіндегі барлық адамзат қандай да бір сенімге әртүрлі жолмен табынып, қадір тұтып өмір сүреді, бір сөзбен айтқанда, түрлі діндердің қағидаттарына бағынады. Әр халықтың ұстанған діндері олардың өмір сүру қалпы мен мәдениетіне әсер етеді. Діннің қалыптасуы сол халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне үйлесіп дамып жетіліп отырады. Жалпылай алғанда, дін адамзатты жақсылыққа, адамгершілікке жетелейтін, рухани байытатын жол.

Бүгінгі қоғамда ислам дінін шамадан тыс қатыгездікпен байланыстырып, адамдардың бойына қорқыныш, үрей сезімін ұялату белең алуда. Исламды шектен шығып қаралаушылар «исламофобия» ұғымын орынды-орынсыз тықпалап, оны соқыр түсінікке негізделген дін ретінде көрсеткісі келеді.

Осы ретте ислам дінінің шынайы құндылықтары біріншіден, ислам дінінің шынайы құндылықтарын дұрыс түсіне алмаған мұсылмандардың қателігінен дегіміз келеді. Екіншіден, ислам мен мұсылмандарға деген жеккөрушілік және мұсылмандық мәдениетті прогрессивті емес, «тоқырауда қалған, фундаменталистік және басқа мәдениеттерге қауіп төндіретін мәдениет» деп мұсылмандарға қарсы жаулық көзқарас қалыптасып отырған әлемдегі астыртын күштердің ықпалынан деп түсінуіміз керек.

Ислам дінінің негізінде экстремистік, оның ішінде діни танымдарды жамылатын лаңкестік құрылымдармен ешқандай байланысы жоқ. Лаңкестіктің салдарынан ең бірінші ислам мемлекеттерінің азаматтары зардап шегіп отырғандарын бүкіл әлем көріп отыр. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде былай делінеді: «Дін – зорлық-зомбылықтан бас тарту. Ешқандай мұсылман баласы зорлық-зомбылықты қолдауға тиісті емес».

Негізінен, ислам діні тек жалаң сенімнің ғана емес, ол – адамгершілік пен ғылымға негізделген биік мәдениет, өркениеттің діні. Ислам өркениеті он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзатты сенім мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келеді. Ислам діні тарих сахнасына көтерілгеннен бері ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем мойындауда.

Мұсылмандар осыған баса назар аударуы тиіс. Ислам негізінен мұсылмандардың бір-біріне және өзге діннің барлығына деген төзімділігі, байыптылығы және танымдылығы негізінде бірігуін жақтайды. Бұл ретте исламның бірінші кезекте жалпы адамзаттық құндылықтарды адамгершілік, төзімділік және әділет­тілік қасиеттерді насихаттайтындығын атап көрсету керек.

Адамзат қоғамындағы құндылықтардың бірегейі – адамның өзі. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде: «Күдіксіз біз адам баласын ардақты еттік» («Исра» сүресі, 70-аят). Алла тағала тағы бір аятта: «… Кім де кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, расында ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал енді кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең …» («Маида» сүресі, 32-аят),-деп, бір адамды өлтіруді бүкіл адамзатты қырумен тең қылмысқа балап отыр. Ислам діні бойынша кісі баласының ұлты мен діні қандай болмасын, оны өлтіруге қатаң тыйым салынады. Хакім Абай бұған бір сөзбен тоқтау салды: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп.

Жер бетін мекен еткен әрбір ұлт пен ұлыстың жеке құндылықтары бар. Әр халықтың өзіне тән құндылықтары болумен қатар, күллі адамзатқа ортақ құндылықтары да бар. Баршамыздың ортақ тұсымыз – адам баласы болуымызда.

Өкінішке қарай, заманымызда әлемнің бірқатар елдеріндегі діндар тұрғындардың кейбірінің көзқарастарының радикалдануы мәселесі тым шиеленісті жағдайда. Бітіспейтін, агрессивтік ислам идеологиясынан нәр алып отырған радикализм әлемдік қауымдастықтың басты назарында. Радикалданған мұсылмандардың әрекеттерімен байланысты экстремизм мен терроризм көріністері тұрғындар арасында исламофобияның өсуіне алып келіп, жағдайды шиеленістіре түсуде.

Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.  Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді.

Дәстүрлі емес діни ұйымдарындағыларға салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады. Мұндай жағдайда жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін аса қиын шаруа емес. Себебі жүйкесі, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерінің айтқанына тез бой алдырады. Әрине, белгілі бір тұлғалардың айдап салуымен ашу-ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауіпті екені түсінікті.

Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда мұсылман мешіттерінің мұнаралары, христиан храмдары мен иудейлік синагогалардың күмбездері бейбіт қатар өмір сүруі Қазақстанның бейбітшілік және толеранттылықты насихаттауға қосқан үлесі болып табылады.

 

 

Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*