Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Дінде зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Дінде зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Қазақстан – қазіргі күнде халықаралық қоғамдастықта толеранттылыққа, конфес­сия­аралық келісімге және Қазақстан халқының біртұ­тастығына негізделген бірізді және жүйелі ішкі саясатты іске асырып отырған ел ретінде танымал.

Қоғамда діни толеран­т­тылыққа тұғырланған қа­рым-қатынастарды қалыптас­тыруда және ауызбір­шілікті жетістікке қол жеткізудегі құндылық ретінде түсіну мен қабылдауда дәстүрлі діндердің жетекшілері маңызды рөл атқарады. Бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы діннің рөлі, оның жасампаздық маңызы мол екендігін атап өту керек.

Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, рухани құндылықтар бастауы, моральдық нормалар жиынтығы, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда, дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды.

Жасампаз әлеуетке ие дін атаулыға «зорлық-зомбылық» ұғымы тән емес. Кез келген дін бірлікке, жақсылыққа шақырады.

Ислам – барлық уақытта жақсылыққа, сабырлылыққа, жасампаздыққа шақырады. Мұсылман – ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді. Дін ешқашанда адамды жамандыққа үйретпейді, бү­лік салуға бағытталған барлық әре­кеттерді айыптайды.

Ислам дінаралық келісімді уағыздайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеден Мединеге көшкен­нен кейін де ешкімді Исламды қа­былдауға мәжбүрлемеген. Кері­сінше, ол адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Өзінің бір хадисінде ол: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», дейді. Осылайша Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) басқа дін өкілдерінің құ­қығын сақтау және олармен жақ­сы қатынаста болу әрбір мұсыл­манның міндеті болып табылатыны туралы тағы да көптеген хадистері бар.

Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік орнатуда. Ең өкініштісі – дін негіздерін жаңадан таныған, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың санасын улап, дінимсауаттылықтың жеткілікті деңгейде болмауына байланысты экстремистік ұйымдардың арбауына түсіп қалуы. Сондықтан да жастардың діни және құқықтық сауатын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Теологтардың пікірінше, бұндай ұйымдармен күрестің бір жолы – өскелең ұрпаққа кішкентай кезінен ата-анасы ұлттық тәрбиені, танымды, сананы бойына сіңіріп тәрбиелесе, осындай ұйымдарға алданып қалмайды. Жалпы, енді ер жетіп келе жатқан балаларға ұлттық дәстүр түсіндіріліп, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды, ақындар мен жыраулардың еңбектерін дәріптеп түсіндірілсе, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе, отбасылық құндылықтар насихатталып, дұрыс жолға сілтеу алатын болса енді дамып келе жатқан жастар арасында мұндай мәселелер кеңінен таралмас еді.

Экстремизм қатерлі ісікке ұқсас, егер алдын алу шаралары уақтылы жүргізілмесе, уақыт өте келе өсіп, терең тамыр алады. Сондықтан халықтың діни сауаттылығы өте маңызды және қажет. Ал діни сауаттылық – оқыту, ағарту және әдебиет арқылы алынған білім. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев қара сөзінде: «Адам – өз заманының баласы. Егер ол жаман болса, оның замандастары да кінәлі». Қазіргі кезде мемлекет үшін жастарды тәрбиелеуге, физикалық және рухани түрде сау және толыққанды жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды мәселе.

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның, мемлекеттің жауапкершілігі. Қоғамның мемлекетпен бірлесе отырып, бұл бағытта жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Жастардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы да үлкен септігін тигізері анық.

Зорлықпен, күшпен дінге шақыру исламға жат. Дүниежүзілік дін бетпердесін бүркенген радикализм, экстремизм, терроризм секілді жат дүниетанымдар «Дінді күшпен жеткізу керек» деген түсінікте. Ол түсінікті жою дінді дұрыс түсінуден, қабылдаудан басталмақ.

Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті тақырыптардың бірі болып отырған тұрмыстық зомбылық, оның ішінде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық өкінішке орай басты орындарда. Әйел тақырыбы, соның ішінде дін және әйел мәселесі қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өзіндік маңызға ие болған. Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеткерліктерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер Алла алдында тең. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады.

Басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Тәуратта, Інжілде кездеседі. Христиан діні де жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды. Осы түсініктерден-ақ дінде «Зорлық-зомбылық» ұғымының сай келмейтіндігін аңғара аламыз.

Дін – адамзаттың абыройын асыратын, рухани құндылықтарын байытып, нығайтатын қуатты күш екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, ол ешқашан соғысуға шақырмайды, өлтіруді, жазықсыз адамдардың қанын төгуді үйрет­пейді. Міне, сондықтан да, біз бұл күшті әрбір қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қа­лыптастыруға, әрбір елдің гүлденуіне ба­ғыт­тауы­мыз қажет. Осыған байланысты ислам өзара сыйластық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Қасиетті Құран Кәрімде «Бақара» сүресі, 256 аятында: «Дінде зорлық жоқ» деп анық баян еткен. Сол себепті, әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамда бейбітшілік орнатуға талпынғаны дұрыс.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*