Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, ҚР Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Абзал Апбас аудан активімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесудің мақсаты — азаматтарға сауатты құқықтық кеңес беру, сот жүйесі туралы түсіндірме жұмысын жүргізу.
Жиынға аудан прокуроры, аудандық мәслихаттың төрағасы мен депутаттар, әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы мен қызметкерлері, дербес бөлімдердің, мекемелердің басшылары, медиаторлар, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Кездесуді аудан әкімі Азат Оралбаев ашып, жүргізіп отырды.
Облыстық соттың төрағасы халықтың сапалы сот төрелігіне сұранысын қанағаттандыру басты міндет екендігін айтып, сот саласындағы жыл басынан атқарылған және алдағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ азаматтық процесстердегі медиацияның рөлі туралы ойларымен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша облыстық соттың төрағасы ұйымдастырылған маңызды кездесу үшін аудан басшысына алғысын айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ жиыннан соң сот төрағасы аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Қабылдау кезінде аудан тұрғындары алиментті, берешекті өндіріп алу, еңбек даулары сияқты жеке істер бойынша сұрақтар қойып, сот процестерін ұйымдастыру тәртібіне қызығушылық білдірді.
© Jetpisbai.kz