Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Ұлттық мерекеміз – Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Ұлттық мерекеміз – Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Құрметті шымкенттіктер!
Қадірменді ағайын!
Ұлттық мерекеміз – Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан, Мәңгілік ел атануды мұрат тұтқан тәуелсіз Қазақстанымыздан құт-береке кетпесін!
Ардақты әлеумет!
Кез келген халық өркениетке бастар жолға түскенде төл тарихы, ұлттық мәдениетi мен руханиятына арқа сүйеп, алға қадам басады. Жат жұрттың мәдениетiн бойына сiңiрiп, өзінің рухани негізінен ажырап қалған ел тарих сахнасынан түсіп қалуы әбден мүмкін.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегiнде «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп жазған болатын. Ал, ұлттық код деген қайда десек, оның қайнар көзі – әз-Наурызда.
Ұлыстың ұлы күнінде қазақ мәдениеті мен руханиятының бар інжу-маржаны жарыққа шығады. Наурызда дәстүрлі ән шырқалып, күй шертіледі, терме төгіліп, ақындар айтысады.
Наурызда аламан бәйге өтіп, көкпар тартылады. Қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, алтыбақан, ақсүйек секілді ұлттық спорттық ойындарымыз да паш етіледі. Ұлттық тағамдарымыз әзірленеді.
Ең бастысы, Наурызда дәстүр бойынша жастар үлкендермен көріседі. Өкпе-наз, реніштердің бәрі ұмытылады. Яғни, Наурыз – ынтымақ пен бірлік, үлкенге құрмет, мейірім мен кешірімділік секілді ізгі қасиеттер дәріптелетін мереке.
Олай болса, Наурызды жалпыхалықтық мерекеге айналдыру арқылы біз ұлттық кодымызды сақтап, санамызды жаңғырта аламыз.
Сол себепті Шымкент қаласында биыл Наурыз мерекесі жаңа деңгейде ұйымдастырылып, кең ауқымда тойлануда.
Қадірлі жерлестер!
Наурыз – жаратылыстың өз заңымен үйлескен, табиғатпен біте қайнасқан мереке. Бұл – жаңа жылдың бастауы.
Көктем – бүкіл тіршілік атаулының жанданатын, жаңарып түлейтін кезең десек, осы бір шуақты мезгілдің бастауында тұрған әз-Наурыз күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулы қайта түлейтін тұс.
Баршаңызға мәлім, биыл Тәуелсіздікке 30 жыл толып отыр. Осынау тарихи кезеңде Қазақстан небір тар жол, тайғақ кешулерден аман өтіп, асқақ асуларды бағындырған жасампаз мемлекетке айналды. Бүгінде әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, Мәңгілік елге айналу жолында сенімді қадамдар жасаудамыз.
Мұның бәрі де еліміздегі ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің және ел иесі, жер иесі қазақ халқының өз ішіндегі берекелі бірліктің жемісі. Біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Ынтымақ пен бірлігімізді қастерлеп, оны нығайта түсуге тиіспіз.
Наурыз ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің, мейірімділік пен кешірімділіктің мерекесі. Олай болса, келіп жеткен Наурыз еліміздің ынтымағы мен бірлігін бекемдей түсуге, әрі сүйікті қаламыз Шымкенттің гүлдену мен көркеюіне жол ашсын.
Ұлы Даламыздан құт-береке кетпесін!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Ізгі ниетпен Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*