Aудандағы білім беру мекемелерінде соңғы қоңырау салтанатты шарасы аталып өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыңғырлаған соңғы қоңырау үні балалардың есейгенін көріп көз жасына ерік берген ата-ана үшін де, шәкірттерін қимастықпен шығарып салар ұстаздар қауымы үшін де, олармен қоса толқып тұрған оқушылар үшін де ерекше. Сондықтан меткеп түлектерін шығарып салу салтанатына ерекше мән беріліп, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аудандағы мектеп бітіруші түлектер саны 824 болса, олардың 704-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Оның ішінде 67-і «Алтын белгіге» үміткер, ал, 96 оқушы – «Үздік аттестатқа» ұсынылған.
Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов аудандық білім бөліміне қарасты М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен соңғы қоңырау шарасына арнайы барып қатысты. Мектеп бітіруші түлектер мен ұстаздарды құттықтап, алдағы өмірлеріне сәт-сапар тіледі.
Шара барысында мектеп директоры баяндама жасап, оқу ордасының жеткен жетістіктерін атап өтті. Аудан көлеміндегі үздік мектептердің бірі саналатын білім ұясындағы жиында соңғы қоңырау үні естіліп, мерекелік шарада өнерлі жастар көпшілікті тәнті етті.
Жиында білім саласында өздерінің ізденімпаздығы мен іскерлік қабілетімен көзге түскен бір топ мұғалімдер аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
© Jetpisbai.kz