Сарыағаш ауданының мектептерінде соңғы қоңырау болып өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Сарыағаш Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп – мол қазынасы мөлдіреп жатқан, сол мөлдір әлемнен өзіне керек асыл мен жауһар секілді баға жетпес, «білім» деген байлықты алып, өміріңе нәр беретін алтын ұя. Жарқын шақтардың елесі қалар, ерке балалығыңның куәсі болар бірден-бір киелі мекен – мектептегі мерекеге орай Сарыағаш қаласында орналасқан №10 Қ.Сәтбаев атындағы мектеп- гимназия интернатында да «Мектебім саған мың алғыс» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, ауданның білім бөлімінің басшысы Д.Акатов, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қауымы, ата-аналар қатысты.
— Соңғы қоңырау үні – бозбала мен бойжеткендердi арман биігіне ұшырып, үлкен өмір мектебіне шығарып салады. Сіздер үшін бүгінгі қағылар күміс қоңырау үні балдәурен балалықтың артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілудің бастамасы. Екі нәрсе өмір бойғы еңбегіңнің босқа кетпеуін қамтамасыз етеді екен, олар: Ісіңде қабілетті болу және жақсы көретін жұмысыңды істеу. Сондықтан, әрдайым сын сағаттан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтың иесі атануларыңызға тілектеспін.Қазіргі таңда елімізде жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне айрықша назар аударылып, сапалы да заманауи білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасалып келеді, — деп аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші және мектеп табалдырығын жаңадан аттаған жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Айта кетсек Биылғы оқу жылында аудан бойынша 3296 оқушы мектеп бітіріп, олардың 2670 Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. Оның ішінде 172 оқушы «Алтын белгіге», 242 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер бар.
© Jetpisbai.kz