Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің ұлдар арасындағы сайысының ашылу рәсіміне қатысты. Ұлттық теннис орталығында өтіп жатқан Junior Davis Cup Азия/Океания аймағының іріктеу жарысында 16 жасқа дейінгі кіл мықты жасөспірімдер бақ сынасуда.
Әлем чемпионатына іріктеу қаламызда екінші рет өтуде. Жасөспірім ұлдар арасындағы іріктеуде Шымкент, Алматы қалалары мен Түркістан облысының спортшылары ел намысын қорғайды. Турнирге Аустралия, Қытай, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Таиланд, Вьетнам, Өзбекстан, Иордания, Шри-ланка командалары қатысуда.
Еске салсақ, Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында Asia/Oceania Final Qualifying Juniors Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup іріктеу турнирі басталған болатын. Осы айдың 25-іне дейін созылатын жарысқа 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағының жасөспірімдер командалары қатысып жатыр. Өткен жылы 16 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан жасөспірімдер құрамалары Дэвис және Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алған еді. Belline Arena ұлттық теннис орталығында жеребе тартылып, Қазақстан жасөспірімдері А тобында Қытай, Өзбекстан және Малайзия командаларымен ойнайтын болды. Бүгін Сергей Квактың шәкірттері Өзбекстанмен сынға түседі. Қазақстан намысын мына спортшылар қорғайды: 1. Заңғар Нұрланұлы, 2. Дамир Жалғасбай, 3. Даниэль Тазабеков. Капитан: Сергей Квак. Өткен жылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеуден сәтті өтіп, алғаш рет командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыққан еді. Іріктеу сайыстарына қатысатын 16 команда төрт топқа бөлінген. Әр топтан екі құрама плей-офф кезеңіне өтеді. Жартылай финалға өткендер әлем чемпионатына жолдама алады.