Шымкентте тағы бір жаңа гүлзар тұрғындардың пайдалануына берілді. Нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындармен тілдесті.
«Аналар аллеясы» аталған гүлзар Желтоқсан көшесінің Бейбітшілік пен Момышұлы көшелерінің аралығында орналасқан.
-Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалада тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Міне, соның бірі – жаңа гүлзар ел игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы – сіздер, тұрғындар мен балалар үшін. Бүл жоба да демеушілердің қаржысына салынды. Біз қала бюджетін халыққа тиімді жобаларға бағыттамақшымыз. Ендігі мақсат – осы ортақ мүлікті күтіп ұстап, қамқорлық таныту керек, — дейді қала әкімі.
Жобаның демеушісі «Береке» корпорациясы. Ерекше, замануаи үлгіде салынған гүлзар ортасында кимешек киген ана мүсіні тұр. Мүсін кешкісін жарықтармен көмкеріліп, ерекше сән береді.
-Халық игілігіне жарайық деп осы гүлзарды жасауды өз жауапкершілігімізге алдық. Әр аумағы тұрғындармен келісіп, ақылдасып абаттандырылған. «Аналар аллеясы» деп атауымыз ел анасы болған, қалаға белгілі кәсіпкер, меценат Рәшкүл Оспанәлиева анамыздың құрметіне, барша аналардың құрметіне арнағымыз келді, — дейді «Береке» корпорациясының бас директоры Еркінгүл Жәлелқызы.
Гүлзар ересектердің де, балалардың да жағымды және пайдалы уақыт өткізу орнына айналатынына сенеміз.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Еңбекші ауданында тағы бір сквердің құрылысы жүргізілуде.
Жібек жолы, Сайрам көшелерінің қиылысында жаңа серуендеу аймағы пайда болады. Бұл жоба да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасымен күтіп-ұсталынатын 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллея бар. Алдағы уақытта осындай демеушілер тарапынан пайдалануға берілетін тағы бір гүлзар құрылысы бітуге жақын.