Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ЖАҢА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ЖАҢА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Сайрам» тұрғын алабында құрылысы аяқталған ауыз су жүйесін іске қосу шарасына қатысты. Бұған дейін елдімекеннің 19 мыңға жуық тұрғыны жазда ауыз су тапшылығын көріп келген болатын.
Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша халыққа сапалы қызмет көрсетуді жеделдету мақсатында нысан жазғы кезең басталмай тұрып пайдалануға берілді.
Айта кетейік, бұған дейін абоненттер ауыз суды жекеменшік компаниядан кесте бойынша тұтынып келген.
Ал, бүгіннен бастап тұрғын алап халқы ауыз суға қосылуға өтінім бере алады. Алдағы уақытта “Құрсай” шағын ауданының тұрғындарын да толық тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті. Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыз сусыз ауылдардың санын азайтып, ауыл шаруашылығы бағытында қолданылатын судың мөлшерін жіті зерттеп, өзен-көлдерді әр адам өз меншігіндей қорғауды жиі тілге тиек етеді. Маңызды мәселені Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасынан да тыс қалдырмады. Президент алдыңғы кезекте «Су ресурстарын ұтымды пайдалануға, қорғауға және тазартуға бағытталған жаңа Су кодексін қабылдауды қамтамасыз етуді» тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Әр үйде, әрбір отбасында ауыз су болу шарт» қағидасы негізінде  алдағы 5 жылда елді мекендердің 100 пайызын сумен жабдықтау қызметтерін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы орайда Шымкент қаласында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*