Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті

Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті

Шымкент қаласының бас полицейі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында аудандық полиция басқармасының №34 учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Полиция департаментінің бастығы Думан Таев төрағалық еткен кездесуге қалалық маслихат депутаты Муратали Калмуратов, аудан әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, аудан прокуроры Серік Абдиев, арадагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков қатысты. Тұрғындарға учаскелік инспектордың ағымдағы жылдың төрт айында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстар мен іс-шаралар туралы есеп берілді. Инспектордың айтуынша, 19 мыңға жуық адам тұратын аумақта тіркелген қылмыстардың саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға төмендеген. Құқық бұзушылықтардың арасында ұрлық пен интернет-алаяқтықтың саны басым. Аталған бөтеннің мүлкіне қол сұғу қылмыстарының алдын алу және оларды болдырмау бойынша жергілікті тұрғындармен ұдайы түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Айта өтетіні, жыл басынан бері профилактикалық шаралардың нәтижесінде аумақта жасөспірімдердің қатысуымен құқық бұзушылықтар орын алмаған. Сонымен қатар, әкімшілік аумақта ардагерлер, депутат, әкімшілік қызметкерлер, белсенді азаматтар, мектеп директорлары және үй төрайымдарымен қоғамдық кеңес құрылған. Кеңеске аудан әкімінің орынбасары жетекшілік жасауда. Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді. Кездесу соңында полиция қызметкерлері азаматтарды қандай да бір орын алған қылмыстың куәсі болған жағдайда тез арада учаскелік полиция инспекторларына немесе «102» нөміріне хабарлап, кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікпен» қарауға шақырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*