Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ АУЛАУ ФАКТІСІ АНЫҚТАЛДЫ

ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ АУЛАУ ФАКТІСІ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысы полиция департаменті бастығының нұсқауына сәйкес браконьерліктің жолын кесу мақсатында «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Мақсаты- балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған.
Ордабасы ауданында Арыс өзені, Бөген су қоймасы мен кішігірім каналдарда заңсыз балық аулау ережесін бұзу бойынша әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде заңмен тыйым салынған балық аулау құралдарын қолданудың 2 дерекгі тіркелді.
Олар балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу бойынша тіркеліп, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды.
«Уылдырық» іс-шарасы ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.

Полиция қоршаған орта тазалығына нұқсан келтірген 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады. Түркістан облысының полицейлері қоршаған ортаның абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланатын орындарды ластау, жасыл екпелерді жою және бүлдіру заң бұзушылықтарының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жасап келеді. Мәселен полицейлермен осы бағытта атқарылған жұмыстың 2 тәулігінде 739 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік жауапкершілік қаралды.
Атап айтсақ, тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау бойынша 11 жайт, белгiленбеген орындарда сауда жасаумен 72 дерек тіркелді. Ал ортақ пайдаланатын орындарды ластау оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау бабымен 267 дерек анықталып, құқық бұзушыларға әкімшілік шара көрілді.
Сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру бойынша 194 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа жол құрылыстарын бүлдіру бабымен 131 тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды.
Ескерте кетсек, облыс аумағында полиция департаментінің бастығы М.Қабденовтың тапсырмасымен ағымдағы жылдың 8-14 сәуір аралығында «Тазалық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы ретте полицейлер тәртіпке бағынып, қандай да бір заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақырады. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға кеңес береді.

Полиция танысының үйіне ұрлыққа түскен күдіктілерді ұстады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен екі ер азаматты ұстады.
Белгілі болғандай, екі күдікті жәбірленушінің танысы болып шықты. Олар кешкі уақытта үй иесінің жоқтығын пайдаланып, үйге терезе арқылы кірген. Ұрлыққа түсудегі мақсаты ақша іздеген алайда оны таппаған соң, қолдарына ілінген бағалы заттарды алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Полиция қызметкерлері қолды болған айғақты заттарды күдіктілердің үйінен тәркілеп, заңды иесіне тапсырды.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Тазалықты сақтамаған 25 кәсіпкерге айыпұл салынды. Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында арнайы жұмысшы тобы құрылып, аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың санитарлық тазалық жұмыстарына мониторинг жүргізуде.
Жұмысшы топ жұмысты аудан орталығы Жетісай қаласынан бастады. Әрбір нысан иесімен жүздесіп нысанға жапсарлас 5 метр аумақтың санитарлық тазалығы, көшелерді су басуы қауіпінің алдын алу мақсатында арық-атыздардың тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан таза болуы керектігін түсіндірді. Қоқыс шығарушы мекемелермен келісім-шартқа тұру мәселесі көтерілді.
290 түрлі деңгейдегі кәсіпкерлік нысаны бар қалада жүргізілген мониторинг жұмыстарының алғашқы 3 күнінде 108 нысан тексеріліп, тазалыққа немқұрайлы қараған 25 кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК 505-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Айыппұл салынды.
Айта кетейік, қала, кент және барлық елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, инфрақұрылымдарды, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер аталған құқық бұзушылықтар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалса, онда жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Патрульдік полицейлер суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарды. Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Дәулет Сағынбаев пен Нұрғали Сапархан жас жігітті ажалдан арашалап қалды. Республикалық маңызы бар «Сарыағаш-Жетісай-Жібек Жолы» тас жолының 155-130 шақырымында кезекшілікке түскен полицейлер, күндізгі уақытта жол бойында адамдардың көмек сұрап тұрғанын байқайды.
Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтағанында, Сырдария өзенінде ағып бара жатқан адамды көредіЕш ойланбастан көмектесуге кіріскен полицей Д.Сағынбаев суға секіріп түсіп, батып бара жатқан азаматқа жақындайды. Содан әріптесі Н.Сапархан екеуі ер адамды сүйреп, жағаға алып шығады.
Белгілі болғандай, Мақтаарал ауданының тұрғыны мал бағып жүріп, құлынның өзенге түсіп кеткенін байқайды. Малын құтқарамын деп суға түсіп, соңында өзі шыға алмай қалған.
Қазіргі таңда полицейлердің жылдам әрекеті арқасында аман қалған тұрғынның жағдайы қалыпты.

Полиция Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған студентті анықтады. Полиция әлеуметтік желілерді бақылау барысында пайдаланушылардың бірінің парақшасынан жас қыздың қызыл кітапқа енген және заңмен қорғалатын гүлдерді жұлып алғаны жайлы бейнежазбаны тапты.
Тексеру кезінде жойылып кету қаупі төнген “Грейг” қызғалдақтарын Ордабасы ауданының 22 жастағы тұрғыны жұлғаны анықталды.
Ол Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлып, бейнежазба түсіріп, өз парақшасына жариялаған.
Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу фактісі полиция бөлімінде тіркелді. Барлық жағдайлар анықталуда.
Түркістан облысының полициясы «Грейг» қызғалдақтарын тамашалауға келген тұрғындар мен қонақтарға Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Полицейлер жоғалған жеткіншек баланы досының үйінен тапты. Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан қоңырау келіп түсті. Ол 7 жасар ұлын іздеуге көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, сағат 15:30 шамасында әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан ұлы күн қарайғанша келмеген. Жақындары бірнеше сағат өздері іздеп таба алмаған соң, полициядан көмек сұраған.
Оқиға кәмелет жасына толмаған баланың қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, учаскелік инспекторлар шұғыл іске кірісті. Полиция қызметкері жасөспірім баланың жүруі мүмкін жерлердің барлығын мұқият тексерді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоғалған жасөспірім үйінен 3 шақырым қашықтықта сыныптас досының үйінен барды.
Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман-есен қауышқан анасы баланы тапқанполиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Полиция футбол алаңында ұялы телефон ұрлаған жас жігітті қолға түсірді. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары барысында бұрын сотты болған ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен жас жігітті анықтады.
Белгілі болғандай, жәбірленуші футбол алаңында достарымен ойнап жүрген. Ойын алаңында болған күдікті жігіт ешкімнің байқап тұрмағанына көз жеткізіп, қараусыз жатқан сөмкеде тұрған ұялы телефонды жымқырып кеткен. Кейіннен тиісті жерге өткізіп, сатып жіберген.
Қолды болған мүлікті полиция қызметкерлері тәркілеп, иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдікті жігітке тергеу амалдары жүргізіліп, істің мән-жайы анықталуда.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*