Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген полицейдің бірі — Дәулет Асанбекұлы. Ол – әке жолын қуып полицейлер династиясын жалғастырып келе жатқан ұл ретінде өз отбасында ерекше құрметке ие азамат.
Өмірбек Дәулет Асанбекұлы 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан Облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 2012 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2016 жылы оқуын аяқтап, Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау ауданы Полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымына тағайындалған. 2018 жылы аға тергеуші қызметінде абыройлы еңбек етеді. Ал 2021 жылдың қаңтар айының 28-жұлдызынан бастап Қаратау ауданы Полиция басқармасы анықтау бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалып қызмет атқарып келеді.
Әкесі Шолданбаев Асанбек Омарбекұлы 29.04.1967 жылы Оңтүстік Қазақстан Облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1993-2016 жылдар аралығында Ішкі Істер органында абыройлы еңбек етіп, қазіргі таңда құрметті зейнеткерлік демалыста.
Асқар тау әкенің әрбір сөзін жүрегінен өткізген ол бүгінгі таңда әкесінің атына кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне, қызметіне, халық алдындағы борышына үлкен жауапкершілікпен қарап келеді. Жас болсын, егде болсын, қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Саналы ғұмырын ішкі істер органдарының қызметіне арнаған әкесінің жолын жалғаған Өмірбек Дәулет мен үшін әкемнің атына кір келтірмеу басты мақсат дейді.
«»Әке көрген оқ жонар» деген нақыл бар. Ішкі істер органдарында қызмет атқару – өте жауапты жұмысы. Әр күн жұмысқа бет алғанымда әке сенімін ақтау перзенттік парызым екенін үнемі жадымда ұстаймын. Әкем әрқашан әкелік көңілін білдіріп, жақсы маман болудың басты сыры — өз жұмысына адал болу керек екендігін айтып отырады,- дейді Өмірбек Дәулет.