Адам саудасы әлемде миллиондаған азаматты еркіндігінен айырып, ар-ожданына нұқсан келтіріп отыр. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының дерегі бойынша қазіргі уақытта әлемде 27,6 миллион азамат адам саудасының құрбанына айналған. Ал Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты жүзден астам қылмыс тіркелетін көрінеді.
Мамандар адам саудасына қатысты қылмыстардың ашылмай қалатынын айтып отыр. Сондықтан әр азамат қоғам алдындағы жауапкершілігін өз мойнына алып, адам саудасы сияқты қоғамда болып жатқан сорақы жағдайларға бей-жай қарамауы керек. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша қоғамды ақпараттандыру да маңызды екенін айтып дабыл қағуда. Бұл туралы nege.kz порталына сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Осыдан 24 жыл бұрын Палерм хаттамасы, яғни БҰҰ-ның Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасы қабылданған болатын. Ол хаттамада адам саудасы проблемасының өзектілігі көтеріліп, онымен күресу жолы және жалған қылмыс бойынша әлемде қандай өзгерістер, қандай үрдістер бар екенін бақылау көзделген. Бүгінгі күннің басты мәселлерінің бірі – адам саудасымен күрес осы хаттама негізінде жүргізіліп отыр.
2023 жылдың жарты жылының өзінде елімізде 111 азамат кісі саудасымен айналысатын қылмыскерлердің құрбанына айналған.
Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының дерегі бойынша, өткен жылдың бірінші жартысында адамның еңбегін қанау үшін оның еркінен тыс бостандығын шектеу бойынша бес іс қозғалған екен, алдыңғы жылы бұл дерек екі адам деп көрсетілген. Ал он төрт оқиғада жезөкшелікпен айналысу дерегі, оның ішінде жетеуі кәмілет жасына толмағандарға қатысты болып шыққан. Жеңгетайлық және жезөкшелер үйін ұстаған алпыс жеті жағдай тіркеліпті. Соңғы екі жылдың дерегі бойынша адам саудасы біздің елде едәуір өскені байқалады. Мысалы, жезөкшелер үйін ұстағандар мен жеңгетайлық ісі бойынша 2022 жылы отыз екі жағдай тіркелген.
Айта кететін болсақ, 2023 жылы адам саудасы фактісі бойынша жиырма төрт істің он жетісі балалар мен жасөспірімдерге қатысты болып отыр. Ал бұл көрсеткіш 2022 жылы бесеу болған. Кей бір сарапшылардың айтуынша бұл тиісті органдардың жұмысының нәтижесі. Себебі олар көбірек қылмысты аша алды деп есептейді.
Қазақстандағы АҚШ елшілігі қабылданған шараларға адам саудасына қарсы күреспен айналысатын құқық қорғау бөлімшесінің мәртебесін арттыру және адам саудасына қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған полиция қызметкерлерінің санын көбейту жататынын айтады.
«Қазақстан Үкіметі COVID-19 пандемиясының адам саудасына қарсы күрес жөніндегі әлеуетіне әсерін ескере отырып, алдыңғы есепті кезеңмен салыстырғанда күш-жігердің жанданғанын көрсетіп, Қазақстан 2-деңгейде қалып отыр» делінген Қазақстандағы АҚШ елшілігінің ресми сайтында.
Өкінішке қарай, адам саудасы әсіресе Алматы қаласында қызып тұрған көрінеді. Тіркелген барлық жағдайдың он жетісі осы қалаға тиесілі екен. Ал мемлекетіміздің басқа өңірлерінде сегізден бір жағдайға дейін тіркелген.
Адам саудасы әр түрлі мақсатта жүзеге асады екен. Олардың бірі адам еңбегін мәжбүрлі түрде пайдалану, жыныстық қанау мен адам ағзасының саудасы болса, баланы асырап алу үшін сату мен қайыр сұрауға мәжбүрлеу де адам саудасына қатысты қылмыстар жасалатын мүдделердің бірқатары екен.
Айта кетейік, соңғы жылдары елімізден шет мемлекеттерге еңбек мигранты болып кетіп жатқандар аз емес. Тұрмысын түзеп, жағдайын жасап, жақсы өмір іздеп кетіп жатқандардың ішінде жастар да, жасамыстары да, отбасымен кетіп жатқандары да, үй ішін тегіс елге қалтырып, жалғыз өзі тиын-тебеннің соңынан кетіп жатқандары да бар. Олардың ішінде әсіресе Оңтүстік Корея танымалдылыққа ие болып келеді. Мамандар бұл елге барып жатқандардлың арасында адам саудасының құрбанына айналғандары да бар екенін айтып отыр. Сонымен қатар Бахрейн сияқты ауқатты мемлекеттерге де біздің ел азаматтарын саудалап жүрген қылмыскерлер бар екен. Алдыңғы жылы адамдарды жыныстық құлдыққа жегуге, оның ішінде балалар да бар, Бахрейнге апарумен айналысқан он жеті азамат сотқа тартылыпты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен елде «Халықтың көші-қоны туралы» заңға және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңға түзетулер енгізілді. Олар шетелдік құрбандар Қазақстан азаматтарымен бірдей жеңілдіктерге, соның ішінде рұқсат беру арқылы уақытша жұмысқа тұруға құқылы. Соднай-ақ, қазргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында адам саудасы қылмысына қатысты заң жобасы бар.