1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Арыста орналасқан «Danis» коррекциялық дамыту орталығында ерекше жағдайдағы балаларға арналған мерекелік кеш өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ерекше балаларды мерекемен құттықтауға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова және Шымкент қаласы әкімнің кеңесшісі, балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева арнайы қатысып, ізгі тілектерін жолдады.
Думанды шарада кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, ерекше балалар өз өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре болды.
Мерекелік жиында қаламыздағы Іскер әйелдер кеңесінің белсенді әйел кәсіпкерлері демеушілік жасап, балаларға ойын дамытуға арналған ойыншықтар мен тәтті балмұздақтар таратты.
Жиынға келген ата-аналар да жыл сайын үрдіске айналдырып, қайырымдылық жасап келе жатқан жеке кәсіпкерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кеште ерекше балалар мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Сондай-ақ, таратылған тәттілер мен балмұздақтан дәм татып, ерекше әсерге бөленді.
Айта кетейік, 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығында тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп, жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.
© Jetpisbai.kz