Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ: ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУДА

«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ: ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУДА

Шымкенттегі Арбат алаңында басталған жалпыреспубликалық акцияға қала тұрғындары белсене қатысып жатыр. Бүгін жергілікті уақытпен сағат 16:00-де еліміздің барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясын өткізу жоспарланған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Арбат алаңында өтіп жатқан акцияның жұмыс барысымен танысты.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқарма басшылары бар.
«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Жылдан жылға іс-шараның ауқымы кеңейіп келеді. 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8 мыңнан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің айтуынша, тұрғындар негізінен, жұмыспен қамту, мемлекеттік сатып алу, жер мәселелері бойынша кеңес алуда. Департамент басшысы акция қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, азаматтардың шағымдары тиісті мекемелермен бірлесе, заң тәртібіне сәйкес шешімін табатынын атап өтті.
Бүгін акцияның аяқталу мерзімі белгіленбеген, яғни іс-шара соңғы келген адамға дейін жалғасады. Сол себептен қала тұрғындарын іс-шараға қатысуға шақырамыз.
Айта кетсек, акцияны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*