Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет көрсетілді. Іс-шара ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан әрі көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаланың бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов марқұмдардың рухына Құран аяттарын бағыштады.
Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаһарда саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істеп жатыр. Таяуда «Тарих.Тағылым.Тұлға» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылған болатын.
Бүгін қаладағы барлық мешітте саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, олардың рухына Құран бағыштау іс-шарасы өтеді.

Еске сала кетейік, Қазақстан 31 мамырды саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылдан бастап атап өтеді. Себебі Қазақстанның президенті жарлығымен 1997 жыл – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі де осы – «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң еді. Аталған заң 1993 жылы 14 сәуірде қабылданды. 1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда әртүрлі мәліметтер бойынша 3 миллионнан астам адам қаза тапты. Оның ішінде 1931-1933 жылдар аралығында 1,7 миллионға жуық адам қаза тапты. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандары – 100 мыңнан астам қазақстандық болды.

Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.

2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 31 мамырға қарай 9 668 азаматқа 9 230 теңгеден 38 448 теңгеге дейін 223,8 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*