Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Шымкент қаласының Білім басқармасының қамқорлық пен қорғаншылық бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, «Балалардың құқығын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Шымкент қаласының Білім басқармасының мамандары, Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі –бала құқықтары жөніндегі уәкілі, №1, №2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының басшылары, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры, Қосымша білім беру оқу салалық орталығының әдіскері және Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында қоғам мәселесіне айналған бала тәрбиесі, қоғамдағы рөлі, бала психикасымен жұмыс жасау жолдары талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, ұрпақ үшін келер қауіпке қарсы тұру, қазіргі қоғамдағы балалардың тәрбиесін жақсарту бағыттарында ұсыныстар жайы талқыланды.
Сонымен бірге, 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Дендросаябақта «Aulet Run» бұқаралық жүгіру сайысы өтті. 5 шақырымдық бұқаралық жүгіру жарысына 18 жастан асқан азаматтар, жалпы 100-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Және 70 ерікті жас тартылған.
Іс-шараға демеушілік еткен — Aulet devolepment group құрылыс компаниясы. “Shymkent run club” жүгіру клубының жетекшісі Айдана Түлкібектің айтуынша, қалада бұқаралық жүгіру сайысына жылдан жылға қызығушылық артып келеді. Бұл жолғы сайыста ерлер және әйелдер 18-29, 30 + категориясы бойынша бақ сынады.
Әуесқой жүгірушілер, қала тұрғындары осылайша саламатты өмір салтын насихаттады. Құрылыс компаниясы тарапынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар және қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Айта кетсек, Бүкіл әлемде 1-ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Оны өткізу жөнінде шешім 1949-жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Қазақстанда да 1-маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылады. Мереке жалпыхалықтық деңгейде аталады. Ұлттар ұйымы жүргізген сауалнамаға жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*