Қазіргі күні Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесетін орталықтардың көптігіне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұр. Еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл туралы Abai.kz порталына сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан.
Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Бұл туралы ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерде ересектердің 75 пайызы балаларды тәрбиелеу мақсатында таяқтайтыны жазылған. Елімізде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасыда не балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған
Осы ретте әйелдер мен балалардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алынған болатын.
Ел Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Бірақ көпшілік зорлық-зомбылық құрбандары әртүрлі жағдайларға байланысты полицияғя шағым-арыз түсірмей жатады. Сондықтан көптеген жәбірлеушілер жазаға ілікпейді. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық көрсетілген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелер қызметінің құқықтық негізін БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенци, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ішкі Істер органдары туралы» Заңы және басқа нормативтік құқықтық актілер құрайды.
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 4 бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төрт түрі анықталған.
Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.
Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды өмірге, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.
Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73 бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар шеңберінде құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады.
Тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құқығы бар.
Жеке профилактикасы шараларға тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектісі жәбірлеуші адаммен профилактикалық әңгімелесуді жүргізу жатады. Әңгімелесудің негізгі қызметі тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаудың себептері мен жағдайларын анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарын түсіндіру және заңға мойынсынушылықтың қажеттігіне сендіру.
Ішкі істер органы жергілікті полиция қызметінің басшысы немесе орынбасары, учаскелік полиция инспектор немесе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор он алты жасқа толған, есі дұрыс адамға қатысты қорғау нұсқамасын шығарады. Нұсқама жәбірленушіге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, оны іздестіруден, оның ізіне түсуден, оған ауызша, телефон арқылы сөйлесуден және өзге де тәсілдермен байланыс жасалудан қорғаныс береді. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылау жасайды.
Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі отыз тәулікті құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыға берілетін келесі жаза – әкішілік ұстау.
Әкімшілік ұстау – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, бас бостандығынан айыру. Ал мәжбүрлі амбулаториялық бақылау мен психиатрда емделу, интенсивті бақылайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес сот тағайындайды.
Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілену мүмкі. Ол дегеніміз – Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 22 бабына сәйкес әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады және ол әкімшілік жаза қолданумен қатар және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам әкімшілік жауаптылықтан босатылған кезде оның орнына да қолданылады.
Әкімшілік шара – Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 73 бабына сәйкес ескерту жасау не үш тәулiктен он тәулікке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса он тәулiкке дейiнгі мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алу немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуды көздейді.
Ата-ана құқықтарын шектеу немесе айыруға келсек, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сай, егер ата-аналар ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса, өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса, балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса, спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарына салынса, психотроптық заттарды және (немесе) осыларға ұқсас заттарды теріс пайдаланса, олар ата-ана құқықтарынан айрылады (75-бап). Егер баланың ата-аналарымен қалуы ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар бойынша, ата-аналардың мінез-құлқының салдарынан, бірақ бұл ретте ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру үшін жеткілікті негіздер анықталмай, ол үшін қауіпті болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі.
Қылмыстық процесте іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын және жәбірленушілердің қауіпсіздік шараларын қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және жәбірленушінің, куәнің және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын және қылмыстық процесті жүргізетін органдар қолданады.