Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » Жаңа өндірістің исі…

Жаңа өндірістің исі…

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы және «Ордабасы» индустриалды аймағы бірлесіп, «Шымкент шина жасау зауыты» аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алды. Нәтижесінде «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылып, кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиынтығын ұсынғалы отыр. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың индустриалды паркке жасаған сапары барысында белгілі болды.
Аймақ басшысы Кеңес дәуірінен қалған индустриялық алпауыттың аумағындағы нысандар мен инфрақұрылымдардың жақсы сақталғанына тоқталды. Десек те, зауыттың өзін қайта іске қосу қиын шаруа. Сондықтан да, облыс басшылығы зауыттың аумағында бірқатар жаңа кәсіпорындар құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынбақ.
Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубакировтің мәлімдеуінше, «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алмақ. Сондай-ақ, аталмыш мекеме кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіп, жарнамалау, қаржы көзін тартуға ат салысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер жиынтығын қоса ұсынып отыр.
Қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық салалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар. Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылып жатыр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өңір басшысы мұнан соң Шымкенттегі қорғасын зауытына атбасын бұрды. 1934 жылы іске қосылған өндіріс аумағындағы цехтар жұмыс істемей тұр.
«Қорғасын зауытының болашағы түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта екі зауытты да тиімді пайдаланудың тетіктерін ойластырған жөн. Егер мүмкін болып жатса, ондағы жер телімдері мен өндіріс ошақтарында жаңа өндіріс орындарын ашуды қолға алуымыз керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.


Айта кетейік, 2010 жылдары «Оңтүстiкполиметалл ӨК» акционерлік қоғамы мен «Қазақмыс» корпорациясы және «А-Мега трейдинг» ЖШС-нің үшжақты келісімі негізінде қорғасын зауыты толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда, өнеркәсіп орнының жұмысы қайта тұралап, банкротқа ұшырады. Бүгінде зауыттың бірқатар ғимараттары банкте кепілдікте тұр.

© ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*