4 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтіп жатыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соның ішінде, Қазығұрт ауданы орталығында «Батыр бабалар аллеясында» Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық Ардагерлер кеңесі және Әжелер алқасы мүшелері, мемлекеттік қызметшілер мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік шара барысында аудан әкімі Азизхан Азимханұлы:
— Аспан түстес туымызды халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатса, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды жігерлендіріп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Ал, «Менің Қазақстаным» атты Гимніміз әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа тартып жүр, — дей келе, баршаны айтулы мерекемен құттықтады.
«Көк тудың желбірегені» атты жалпыұлттық акциясы шеңберінде ұйымдастырылған жиында Ән ұранымыз шырқалып, көк туымыз көкке көтеріліп, тұрғындардың отанға деген құрметін күшейтіп, жүректеріне жылу ұялатты. Салтанатты шара барысында данагөй қариялар тарапынан ұлық мерекенің қадір-қасиеті жайлы айтылып, патриоттық әндер шырқалды.
Мерейлі мереке қарсаңында аудан жастары тарапынан заң аясында автошеру ұйымдастырылып, баршаны мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге шақыру, патриоттық сезімді ояту мақсатында көк туды көтеріп елді мекен көшелерінен жүріп өтті.
Сондай-ақ, аудандағы бірқатар ғимараттардың, тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарында Мемлекеттік Ту ілініп, «Туымыз – төрімізде» флэшмобы ұйымдастырылды.
© Jetpisbai.kz