Түлкібас ауданы әкімдігінің ғимараты алдында 4-Маусым Рәміздер күні мерекесінде Рәміздерге құрмет көрсету салтанатты іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түлкібас Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған аудан әкімінің орынбасарлары Марат Жанесен, Ербол Орманов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сәтбай Қасымбек және бөлім басшылары мен әкімдік және басқа да мемлекеттік ұйым қызметкерлері қатысты. Мерекелік шара Мемлекеттік Тудың жоғары көтерілуімен және Мемлекеттік Елтаңбаның ортаға салтанатты шығуымен басталды. Жиналған көпшілік Мемлекеттік Гимн орындап, Рәміздерге құрмет көрсетті. Мерекелік жиынның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Марат Сүгірәліұлы алды.
— Елтаңбамыз, Туымыз, Гимніміз қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін бойына сіңіріп, жүрегімізді мақтанышқа толтырады. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның ерекшелігі сол – Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады.
Қазақстан мемлекетін құру– бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан-ұрпаққа табыстайтын боламыз. Ендеше әрдайым бар болайық, бір болайық, ата-баба армандаған азат елімізбен жарқын болашаққа бірге барайық,- деп, аудан халқына ізгі тілегін жеткізді.
Одан кейінгі құттықтау сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Нұрлыбайұлына берілді.
Жиын соңы аудандық мәдениет үйі әншілерінің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды.
© Jetpisbai.kz