4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесіне орай еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған шара Отырар ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан орталығындағы Тутұғырда орналасқан Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.
Қазақстандық патриотизмді дәріптеу және дамыту, қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Гимнге деген терең құрмет сезімін қалыптастыру мақсатындағы шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов қатысып, елдігімізді айшықтайтын Рәміздерге құрмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты шара одан әрі аудан жастарының мерекелік автошеруіне ұласты. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, патриотизмге үндеп, батылдыққа тәрбиелеген автошеруде ақ тұлпарды тізгіндеген «Алтын адам» көк туымызды көкке көтеріп, орталық көшелермен жүріп өтті.
Шәуілдір ауылындағы «Әл Фараби» орталық алаңына келіп тоқтаған «Алтын адам» көк туды ересектер арасында Белбеу күресінен әлем кубогы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Жолдасбек Бектұрсыновқа табыстады. Әлем чемпионы көк байрағымызды көкке көтеріп аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжановқа табыстады.
Азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы екенін айтқан ол еліміздің Мемлекеттік көк байрағы биікте желбіреп, мәртебесі арта беруіне тілектестігін жеткізді.
Әрбір азаматтың Отанын, жерін, елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатын Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған шаралар «Менің туым-менің мақтанышым» атты челленджі мен мерекелік құттықтауларға ұласып, отырарлықтар қастерлі мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
© Jetpisbai.kz