Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамып, туып өскен ауылы аядай ғана Ақсүмбенің төрінде қайраткердің 130 жылдығына орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты Республикалық думанды ақындар айтысы өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тағылымды шара барысында Құрметті қонақтар мен зиялы қауым өкілдері қоғам қайраткерінің ескерткішіне гүл-шоқтарын қойды.
Дүбірлі жыр додасының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.
— Сұлтанбек Қожанов түрлі салада сан қырлы сауаттылығымен жарқырай көрінді. Ол – көрнекті мемлекет қайраткері, ол – ғалым, ол – қаламы қарымды қаламгер, ақын, аудармашы, ауылшаруашылығының білгір маманы, руханияттың нағыз жоқтаушысы, қолдаушысы ретінде танылды. Осынау аядай ғана Ақсүмбенің төрінде ұйымдастырылған мәдени іс-шара жас ұрпаққа Сұлтанбек Қожановтың өмір жолы мен төл өнерімізді насихаттап, тәлім — тәрбие беру арқылы ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына ерекше ықпал етері сөзсіз,-деген аудан басшысы шараның өтуіне айрықша атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.
Аламанға еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнеріміз насихатталды. Айтыстың арыстаны, «Құрмет» ордені мен алтын домбыра иегері Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшов, шашасына шаң жұқпас жыр жүйріктері Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдаулет Өмірбеков пен Сіламхан Мұхаметқандар өзара бақ сынасты.
Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың өнегелі өмірі, ізгі амалдары, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.
Жыр додасына Айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілхаир Әбілпаттаұлы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ. к, ауданның Құрметті азаматы Нариман Нұрпейісов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев және жас ақын Ибадулла Жанарыс қазылық етті.
Қорытындылау сәтте қазылар алқасының мүшелері мен аудан басшысы жүлдегерлер мен жеңімпаздарды құттықтап, қаржылай сыйлықтар табыстады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Бекарыс Шойбеков, жүлделі І орынды Жансая Мусина, ІІ орынды Еркебұлан Қайназаров иеленіп, Нұрмат Мансұр жүлделі ІІІ орынға тұрақтады.
© Jetpisbai.kz