Шымкент қаласында 6860 адамға ковидке қарсы вакцина ерікті түрде салынды. Оның ішінде 4301-і медицина қызметкерлері болса, 2101-і педагогтар. Ал, 161-і полиция қызметкерлері мен 299 басқада санаттағы азамматтар. Инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары қаладағы 21 емдеу мекемелерінде жүргізілуде. Бұған қоса наурыз айының соңына дейін қосымша 10 бастапқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында вакцинация жасау үшін арнайы кабинеттер ашылмақ.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, БМСК ұйымдарының 450 медицина қызметкері үшін вакцинация мәселелері бойынша тренинг семинарлар өткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексереді.
Мамандар қала тұрғындарына сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады. Вирусты инфекцияға шалдыққан адамдардың санының одан әрі артуы немесе артпауы сіз бен бізге байланысты.