28 маусым – Байланыс және ақпарат құралдары өкілдерінің күніне орай, Қазығұрт ауданы әкімі Азизхан Исмаилов өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген бірқатар қаламы қарымды журналистер қауымын арнайы қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтап, шексіз құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталған тұлғалар арасында байланыс және ақпарат саласының ардагерлері, білікті қаламгерлер, республикалық және өңірлік телеарналардың меншікті тілшілері, баспасөз басылымдарының бас редакторлары, ауданның Құрметті азаматтары бар.
Қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін, өз шығармашылығы арқылы мемлекетке де, қоғамға да қызмет ете отырып, қашанда ақиқаттың жақтаушысы саналатын БАҚ өкілдері екені ақиқат.
Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы жиналған қонақтарға:
— Сіздер халықтың өтініші мен ұсынысын билікке жеткізіп, атқарушы органдардың жұмысын халыққа көрсете жүріп, билік пен бұқара арасына «алтын көпір» орнатасыздар, — дей келе, БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, кәсіби қызметтеріне шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тіледі.
Журналистер тарапынан осы саланың ардагері, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Жорабек Сүйеубеков, «Киелі Қазығұрт» республикалық газетінің бас редакторы Сержан Мамбеталиев және Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы», журналист Райымбек Айтубайлар арнайы сөз алып, аудан әкіміне алғыс айтып, әріптестеріне ыстық ықыластарын білдірді.
© Jetpisbai.kz