Қадірменді бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!
Төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерді бұқара халықтың кем-кетігін түгендеп, елдің әл-ахуалы мен тұрмыс-тіршілігін жіті назарда ұстайтын, елдік мәселені елеусіз қалдырмайтын – қоғам сақшысы, төртінші билік өкілі деп білеміз. Журналист — елдегі жаңалықтың басында жүрген әрі қоғамдық ойға түрткі бола білген, әрқашан ақиқатқа сүйене отырып әділ әрекет ететін мамандық иесі. Бүгінгідей аласапыран ақпаратта, жаңалығы мың құбылған заманда тілшілік қызметтің маңызы аса зор. Сіздер әрқашан үлкен істердің ұйытқысы ретінде қалтқысыз еткен еңбектеріңіз үшін сый-құрметке лайықсыздар!
Қоғам тәрбиесіне қосып жатқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Қаламдарыңыздың күшімен талай түйінді мәселені шешіп, қоғам мүшелерінің алғысына бөленіп жүрсіздер. Қандай жағдай болмасын халыққа шынайы әрі дербес ақпарат таратуда бар күштеріңізді салып, бастарыңызды бәйгеге тіккен кездеріңізге де ел, қоғам куә. Мұндай ерліктеріңізге алғыс пен ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ.
Құрметті журналистер қауымы!
Баршаңызға шығармашылық шабыт, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Ел үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз еленіп, абырой-беделдеріңіз арта берсін. Сүйінші ақжолтай жаңалық жазып, халықтың қуанышына ортақтасып жүре беріңіздер.
© Құрметпен,
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов