Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай аудан әкімі Арман Абдуллаев өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қабылдады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Сарыағаш Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құттықтау тілегін айтқан аудан басшысы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келетінін айтты.
— Бүгінде ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Аудан көлемінде болып жатқан саяси-мерекелік шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз газет бетінде жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Сіздер аудандағы жаңалықтарды салмақты сөз, салиқалы пікірлеріңізбен жеткізіп, халықтың жүрегіне жол тауып келесіздер. Өңір тынысымен халықты дер кезінде құлағдар ету бағытындағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер, — деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Қабылдау барысында аудан әкімі БАҚ саласында еңбек етіп жүрген журналистер мен ауданның мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, сан алуан тақырыпта тартымды материалдар дайындап оқырман жүрегіне жол таба білген ауданның мақтан тұтар журналисттеріне алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.
© Jetpisbai.kz