Сіздерді, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды салада еңбек етіп, халықтың тілегін, мұң-мұқтажын жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап, билік пен бұқара арасында алтын көпір болып келесіздер. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті.
Қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрген БАҚ саласының мамандарына деген құрметіміз ерекше. Жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып, ауданның жылнамасын жазып, ұлттық рухты қалыптастырып жүрген еңбектеріңізге алғысымызды білдіремін.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойған болатын. Бүгінде «Масс-медиа туралы» заң қабыланды.
Ел тарихын қадір тұтып, қазіргі жай-күйіне шаттанып, ертеңіне алаңдап, мемлекеттік саясатты насихаттап, шынайы ақпарат таратып, ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенемін.
Қаламдарыңыз мұқалмай, шығармашылықтың шыңынан көрініп, елдің ықыласына бөленіп, оқырмандарыңызды қуанта беріңіздер. Баршаңызға отбасылық бақыт, шығармашылық табыс тілеймін! Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын!
© Құрметпен,
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев