Осындай тақырыппен бүгін Түлкібас ауданында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алуға бағытталған форум өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түлкібас Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ісшараға облыстық мәслихаттың депутаты, жерлесіміз Нұрайым Шахимергенқызы арнайы қатысып, имам, теолог, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы, әнші, сазгер Заттыбек Көпбосынұлы, жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспанов арнайы қонақ ретінде шақыртылды.
Басқосуда бүгінгі таңда қоғамдағы басты проблемалық мәселенің біріне айналған отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мақсатында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен облыс мәслихатының депутаты Нұрайым Шахимергенқызы, аудан әкімінің орынбасары Асыл Нұрлыбай және аудандық полиция бөлімінің бастығы Бекарыс Сұлтанов баяндама жасап, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында көрермендердің жүрегін елжіреткен сахыналық қойылым қойылды.
Жұлдызды қонақтарымыз сахына төріне көтеріліп, отбасы құндылығы туралы сананы серпілтетін ой қозғап, ата-ана мен бала құқығына қатысты бірқатар мәселелерге кеңінен тоқталды.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тағылымы мол шарадан көпшілік оң әсер алып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқады.
© Jetpisbai.kz