Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ғимараттардың сәулеті мен сапасы, орындалу мерзімі қатаң бақылауға алынған. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстық құрылыс басқармасының алдағы жоспарлары талқыланған жиын өтті. Облыс әкімі жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне әрбір құрылыс нысанын жіті қадағалап, тиісті жұмыс атқаруды тапсырды.
– Облыс бойынша атқарылып жатқан құрылыс нысандарының сараптамасы жасалуы тиіс. Нысандардың құрылысы кестеге сай ма? Уақтылы аяқтала ма? Қайсысы кешігіп жатыр? Осы және өзге де сұрақтардың жауабы қолдарыңызда болуы керек. Аудан, қала әкімдері әрбір мердігермен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, құрылыс барысын қадағаласын. Мемлекеттің қаражатына салынып жатқан нысандар уақтылы ел игілігіне берілуі қажет. Мәдениет, спорт нысандарының облыста бекітілген типтік үлгіде салынуына мән берілсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің баяндамасы тыңдалды. Оның баяндауынша, «Ұлттық қор», республикалық және облыстық бюджет есебінен 373 нысан құрылысын жүзеге асыруға және 63 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 195,4 млрд теңге бөлінген. Атап айтқанда, мәдениет саласы бойынша 12 нысанның үшеуі биыл пайдалануға беріледі. Ал қалған 9-ы келесі жылға өтпелі. Спорт саласында 23 жоба іске асырылуда. Әлеуметтік қамтамасыз ету объектілерін салу және реконструкциялау бойынша 1 нысан салынуда. Қоршаған ортаны қорғау саласында құрылысы жоспарланған 3 нысан 2025 жылы аяқталады. Ауыл шаруашылығы саласында 8 нысан құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 2-еуі осы жылы тапсырылса, қалған 6 нысан келесі жылы берілмек. Денсаулық сақтау саласында 74 нысан құрылысы қолға алынған. Жыл қорытындысымен 5 ғимарат пайдалануға тапсырылса, қалған 69 нысанды келесі жылы тапсыру жоспарлануда. Білім беру саласында, жалпы, 21 нысанның құрылысы басталды. Оның 14-і биыл, қалған 7 нысан 2025 жылы ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар осы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 63 мектептің құрылысы басталды. Биыл 29 білім ұясын пайдалануға беру көзделіп отыр.
Облыс аумағында Әкімшілік ғимараттардың да құрылысы қарқынды. Биыл құрылысы басталған 9 нысанның 5-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанды келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылым және абаттандыру бойынша өңірде 115 нысанның құрылысы басталды. Жыл қорытындысымен 45 нысан пайдалануға тапсырылса, 70 нысан келесі жылы аяқталады.
Түркістан облысының халқын баспанамен қамту бағындағы жұмыстар да бәсеңдеген емес. Қазіргі таңда 44 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Биыл 6 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі.
© Jetpisbai.kz