Aудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округіне арнайы барып, ауылдық округ аумағындағы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін Досқара каналында жүргізіліп жатқан механикалық тазалау жұмыстарын бақылады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Сарыағаш Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, Құркелес ауылдық округі аумағындағы Құлтума каналының апатты болып тұрған бастапқы 150 метр жерін бетондау жұмыстарының барысымен танысты. Аталған жұмысқа ағымдағы жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, маусым айынан бастап мердігер «Алтынбек и Б» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі су шаруашылығы мекемесі басшысына, ауылдық округ әкіміне және мердігер мекеме өкіліне атқарылып жатқан жұмыстар сапалы болу қажет екендігін ескерте отырып, суғару маусымы барысында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беру қажет екендігін атап өтіп, нақты тапсырмалар берді.
Айта кетсек, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 бірлік экскаваторлар аудандық бюджеттен сатып алынған болатын. Осы техникалармен ағымдағы жылы 252,8 шақырымды құрайтын 68 бірлік су нысандарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес қазіргі таңда 71,5 шақырым немесе 28% cу арналары тазалаудан өткізілді.
© Jetpisbai.kz